Жеті қазына


Жеті қазына — қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы философиялық түсініктердің бірі. Қазақ халқы Жеті қазынаны ер жігіттің өмірімен байланыстырып, оның ұғымына мыналарды жатқызады:


жүйрік ат;

қыран бүркіт;

құмай тазы;

берен мылтық;

қанды ауыз қақпан;

майланғыш ау;

өткір кездік.


Ер жігіттің жүйрік аты — қанаты. Қыран бүркіт — қуаты. Құмай тазысы — абыройын асырар сенімді серігі. Мылтығы — қахарлы оты. Қақпаны — серті, ауы — әдіс-айласы, кездігі — сұсы. Халық Жеті қазынаны өмір қажетіне негіз етіп таратқан. Қазақ халқының Жеті қазынаны — жеті ырыс деп атауының да мәні осында. “Жеті ырысқа” мыналарды жатқызады:


1) адамның ақылы,ой-санасы. Өйткені, адамзат ақылы арқылы хайуанаттар дүниесінен бөлініп ерекшеленеді, әрі дүниенің қожасы болды;

2) денсаулық, яғни дененің саулығы;

3) ақ жаулық, яғни үйдегі әйел адам — ердің жары, балалардың анасы. Халқымыз ежелден “Бас екеу болмай, мал екеу болмайды” деп, әйелді тіршілік иесі, адам өмірін жалғастырушы деп қастерлеген;

4) бала. Бала — адам өмірінің жалғасы, қуанышы;

5) көңіл. Көңіл мен пейіл кең болса, ынтымақ пен береке орнайды;

6) жер. “Жерсіз — ел тұл, ерсіз — жер тұл”;

7) ит. Ол әуел бастан-ақ адамға сенімді серік болған.


Ал ислам аңызы бойынша, Жеті қазынаға мыналар жатқызылады:


1) Қыдыр (қызыр). Ол өзі ұнатқан адамдарына ғана дариды. Қыдыр дарыған адам байлыққа кенеледі деген түсінік бар;

2) бақ. Ерекше жаратылған құдірет иесі. Бақ дарымайды, қонады. Бақ қонған адам ел мен жерге қожалық етеді;

3) ақыл. Ақыл — байлық пен бақыттың тірегі;

4) денсаулық. Деніңізде саулық болмаса, өміріңізде сән де, мән де болмайды делінеді;

5) ақ жаулық. Дін аңыздары бойынша, Алла адамды топырақтан жаратып, жан берген соң, адам ұрпағын тарату үшін оның сол жақ қабырғасының біреуінен Хауа Ананы жаратқан;

6) тұз. Тұз — Алланың адамдар мен жан-жануарларға берген несібесі, таусылмайтын кені;

7) ит. Адам мен Хауа Ананың алғашқы серігі, қорғаушысы. Осы айтылған ислам аңызындағы Жеті қазына Алланың кереметімен ғана болып отырады. Мұндағы мақсат — “Барлық іс Алланың ұйғарымында, құдайсыз қурай сынбайды” дегенді білдіреді.


Жеті қазына ұғымы басқа халықтарда да кездеседі. Мысалы, грек аңыз-әңгімелерінде Жеті қазына басқаша кездеседі:


1) көк аспан. Ол әлем сырын өз шеңберінде сыйғызып, солардың өзіндік қалпын сақтайды;

2) Күн. Ол әлемдегі тіршілікті басқарады. Барлық зат — Күннің шуағынан нәр алады;

3) Ай. Түнгі тіршілік нәрі. Ай табиғатты түн тұңғиығында тербеп, нұрландырады;

4) от. От — Күннің жердегі сүлдесі. Отты пайдалану арқылы адамдар дүниенің төрт бұрышына тарады;

5) су. Сусыз тіршілік жоқ. Су — жерге қуат, өсімдік әлеміне, жан-жануарға нәр, көрік береді;

6) Жер. Жер — тіршілік анасы. Жан-жануарлар мен өсімдік әлеміне көрік, келбет, түр-тұрпат береді;

7) ит. Ит — Адам мен Хауа Ананың пейіштен қуылып, жерге түскендегі алғашқы серігі, досы әрі қорғаушысы. Сол себепті Жеті қазынаның бірі саналады.


Логотип.gif

ГУ "Школа-лицей №8 для одарённых детей"

www.lizey8.kz

 

Сохраняя прошлое, создаем будущее.